Бір ай бар...
Бір ай бар...
Өн бойында имани нұр, шырай бар,
Аңсап жетіп, қимайтұғын бір ай бар.
Ой менен бой жаңаратын бұл айды,
Жүрек аңсап, тілейді жан, сұрайды ар.
 
Жүрегіңмен Алла берген шартты ұғып,
Нығымет жи бұл ай берген мәрт, тұнық.
Адамға айнал кісілігі жарасқан,
Болмысыңда ізгілікті арттырып.
 
Бұл айдың бар бір керемет жүйесі,
Мың айдан зор қасиеті, киесі.
Рамазанда басты мақсат - жетілу,
Болу үшін көркем мінез иесі.
 
Бойыңнан тың руxани күш ашылып,
Асқақтайсың жүзіңнен нұр шашылып.
Оразада нәпсіңді егер тыймасаң,
Әуре болып жүргенің құр ашығып.
 
Оразаның пендеге көп сауабы,
Қадір түні аспаннан нұр жауады.
Аузы берік пендесіне ұлы Алла,
Нәрлі етеді азық түгіл, ауаны.
 
Ізгі әрі асқақ болу үшін жамалың,
Киелі айда адал болсын амалың.
Оразаның әрбір асыл күніңде,
Түбі берік руxи ұстын қаладың.
 
Өн бойында имани нұр, шырай бар,
Аңсап жетіп, қимайтұғын бір ай бар.
Алла бізге нәсіп етсін бұл айда,
Шексіз сауап, ізгі қуат, тың ойлар.
Досан ҚауменДосан Қаумен
8 жыл бұрын 2846
0 пікір
Блог туралы