Иман керек...
Иман керек...
 
Адамзат кетпес үшін мәңгі азып,
Ұстын қажет болатұғын жанға азық.
Ең нық ұстын - жүректегі иманың,
Иманыңнан көңіл көзін қалма үзіп.
 
Иман керек Отаныңды сүйгенге,
Білім-ілім көңіліңе түйгенге.
Жүректегі иманыңмен жар таңда,
Жүрегіңде иман болмай үйленбе!
 
Иман болса армандауға именбе,
Күнде еңбек қыл ғибратлы іс үйрен де.
Иманменен шаттығыңды еселеп,
Иманменен жабырқаулы күйді емде.
 
Иман керек дүниені тануға,
Әр сынақтан тағылымды алуға.
Иман керек руxты биік сақтауға,
Жетілуге, жігеріңді жануға.
 
Иман керек әрбір ізгі тірлікте,
Иман болса, тірлігіңнен мін күтпе.
Ең алдымен иманыңды нықтап ал,
Жан мен тәнің болсын десең бірлікте.
 
Сабырдың нағыз керек сәтін ұқ,
Мінезге орын жоқ жанұяда қату нық. 
Жұбайларға иман керек алдымен,
Отбасыда болсын десе татулық.
 
Иман - қуат әз руxыңды ұштайтын,
Иман - шуақ ететұғын күшті айқын.
Кей адамдар жүрегінде иман жоқ,
Құс тәрізді қанаты бар ұшпайтын.
 
Иманыңа жаса күнде жүз қадам,
Онсыз адам жапырақ қой мұздаған.
Иман болсын қасиетің ең басты,
Болғың келсе көркем мінез, ізгі адам.
 
Иман деген тұлғаңдағы бүтіндік,
Иман құнын терең түсін, ұтымды ұқ.
Иман досы - пайымы мол парасат,
Иман жауы - кесел мінез, күпірлік.
 
Иман керек дарыныңды шыңдауға,
Жүректегі дара үніңді тыңдауға.
Дарыныңды ашу үшін бел бусаң,
Иман болмақ бір өзіңе шын сауға.
 
Ниеттерге берекесіз - мың құрақ,
Иман ғана бола алады шын тұрақ.
Руxи ұстын - иман керек алдымен,
Елімізде болсын десек ынтымақ.

 

Досан ҚауменДосан Қаумен
9 лет назад 4509
2 комментария
О блоге