Өмірдің көп мәнді, құнды сынағы...
Өмірдің көп мәнді, құнды сынағы...

Өмірдің көп мәнді, құнды сынағы...

Көңіл көзің болу керек қырағы.

Нағыз өмір қазіргіден шыңдалу, 

Нағыз өмір ізденістен тұрады.

 

Күннен күнге өзіңді өзің шыңдай түс,

Шыңдалмасаң өзгермейді, тынбайды іс.

Кіл күдіктің шырмауында қалғанда,

Жүрегіңнің ғазиз үнін тыңдай түс.

 

Қазіргіден жақсы болу - мақсатың,

Өміріңді өркендетер бақ сатың. 

Шоқ жұлдыздай артында нұр қалатын,

Сенің-дағы қалу керек жақсы атың. 

 

Көңіл төрің толы болсын ізгі ойға,

Парасаттың тұнығына жүз бойла.

Ғұмырыңда тек байлықты ойламай,

Абыройлы, таза, жарқын жүзді ойла.

 

Ізгілікке болғың келсе жақын шын,

Болу керек риза көңіл, рақымшыл.

Бұл ғұмырдың әрбір өткен сәтінде,

Пәк парасат болсын сенің ақылшың. 

 

Бір орында қалмау үшін тұралап,

Күнде ізден, ізденістен сұра бақ.

Тірідей сен сор тұтқынға айналма,

Қасаң ойдың негізіне сына қақ. 

 

Арманыңнан болсаң дағы жырақ тым,

Дей көрмегін бұл бағытта құр ақтым.

Әр сапарда өркендеу бар, өсу бар,

Мүмкіндік бар артында әр сынақтың. 

 

Қалса-дағы көкірегіңде бірер дем,

Дүние жоқ сырт айналған, түнерген.

Барлығын да еңсеруге болады,

Асқақ руxпен, өр сеніммен, жігермен! 

Досан ҚауменДосан Қаумен
9 лет назад 6753
1 комментарий
  • Қазіргіден жақсы болу - мақсатың,
    Өміріңді өркендетер бақ сатың.
    Шоқ жұлдыздай артында нұр қалатын,
    Сенің-дағы қалу керек жақсы атың.
    9 лет назад
О блоге