Жүрегіңе ең алдымен иман орнат
Жүрегіңе ең алдымен иман орнат
Жүрегіңе ең алдымен иман орнат,
Ол сені ең бір құнды сыйға апармақ.
Иман өзі төресі бар ізгінің,
Бойыңдағы өмірге жиған арнап.
 
Иман болмақ өмірде берік тірек,
Жаса күнде Аллаға сеніп тілек.
Иманды адам өмірге құштар келер,
Және де өзгелерден еріктірек.
 
Иман кетсе, өмірге желік кіред (і),
Бағытыңнан айнытып еліктіред (і).
...Бағыты жоқ бақытын байқамады,
Өзі-ақ іздеп есікке келіп тұр ед (і)...
 
Иман берер сенімді мызғымас бір,
Жүрегіңде иманың ізгі, рас, біл!
Жат ойларды тазартып ойыңдағы,
Бойыңдағы кеселді жым-жылас қыл.
 
Иман болса табасың тұрақ бірден,
Ұялайды жүзіңе шуақ күлген.
Дүниеге қарайсың оңды көзбен,
Арманыңды айшықтап, қуатты үнмен.
 
Айналыссаң ісіңмен сүйген егер,
Көп күттірмей келеді сый мен бедел.
Бақ пенен сәтсіздікке тең қарайтын,
Иманменен жетесің күйге кемел.
 
Құның артпас дүниені жиғанменен,
Иман - шексіз, шектеулі - сидаң денең.
Адамдар бір-бірінен асса егер,
Аса алады тек қана иманменен.
 
Құның артпас дүниені жиғанменен,
Иман - шексіз, шектеулі - сидаң денең.
Пенде егер жәннатқа кірер болса,
Кіре алады тек қана иманменен.
ислам, иман, өлең
Досан ҚауменДосан Қаумен
8 жыл бұрын 3275
0 пікір
Блог туралы