Суретші балақай
Суретші балақай

Бала-бақша. Әдеттегі күн еді,

Бүлдіршіндер бәрі ойнап жүр еді. 

Тәрбиеші балаларды жинап ап, 

Оларға бір тың тапсырма береді:

 

«Балақайлар қолға қалам алайық

Аяулы жанұяны салайық.

Әр балақай өз отбасын сомдаса, 

Көрме жасау ойымыз бар ғажайып!»

 

Балақайлар ұсынысты құп алды, 

Ұшқыр қиял тағы бір рет сыналды. 

Бәсеке де бұл арада жоқ емес:

«Болар екен кім суреткер, кім алды?».

 

Ақ қағазға ақ ниеттер үңілді, 

Әр балақай қолдануда тың үлгі.

Түрлі түсті қаламсаптар, қаламдар, 

Ақ парақтар беттерінде жүгірді. 

 

Бар ынтамен кіріскен соң шын қалап,

Туындылар дайын болды жылдам-ақ. 

Тәрбиеші суреттерді талдады, 

Танытпастан қатал мінез, сын қабақ. 

 

Болмаса да шеттерінен суреткер, 

Әр туынды – лүпілдеген жүректер. 

Сезіледі суреттерден мөп-мөлдір, 

Отбасыға бақ қалаған тілектер. 

 

Жанұяның әр мүшесін сомдапты,

Нақыштары айқын, дара, оң, нақты. 

Әр балақай өз суреті арқылы, 

Өзіндік бір тілектерін жолдапты...

 

Тәрбиеші бәрін көрді аралап, 

Әрбір сурет көрме көркі! Жарамақ! 

Әрбір сурет өздігінше керемет, 

Бөлу қиын тек біреуін даралап. 

 

Барлық сурет айшықты әрі ажарлы, 

Бола алардай суреткерлік таза үлгі.

Көп суреттің ішіндегі бір сурет, 

Айырықша тарта білді назарды. 

 

Бір балақай бар ынтасын қамдапты, 

Суреттепті жанұясын жан-жақты. 

Мүшелерін түгел салып бәрінің, 

Әкесіне ауыз бен қол салмапты.

 

Бұл дара жайт заңды сауал тудырды, 

Пайымдардың қатарларын ну қылды.

Сана шіркін сан-сақтарға жүгіріп, 

Болжамдар да өздігінше құбылды. 

 

Тәрбиеші жанұяны білетін:

«Бала әкесі оқтын келіп жүретін. 

Әкесінің бар мүшесі түгел-ді,

Неліктен бұлай салды суретін?»

 

Тәрбиеші білмекке оны бекінді, 

Нақты сауал көкейінде жетілді. 

Әкесін бейнелеудің нақ сырын, 

Түсіндіріп беруді одан өтінді.

 

Төмен қарап, көзін алмай парақтан,

Бал балақай қашқақтады жауаптан.

Сол сәттегі толқығанын баланың,

Білуші еді өзі және Жаратқан. 

 

Тәрбиеші ниетінен айныды, 

«Толқымасын балақайдың айдыны», - 

Деп ой түйіп, бет алғанда кетуге,

Естіледі балақайдың жайлы үні:

 

«Суретімнің баяндайын нақ сырын,

Арман-тілек адам үшін - жақсы ырым.

Бұл суретім Ұлы Аллаға тілегім,

Ұмтылысым білу үшін бақ сырын!. 

 

Әкетайдың қолы менен аузы бар, 

Алайда одан жүрегімде қалды ызғар. 

Анамды ол балағаттап, ұрады,

Жойылуда бойындағы мәнді ізгі ар!

 

Тоқтасын деп ұру менен балағат, 

Қол мен ауыз салмағаным, сол ма ағат?..

Бұл тілегім жөнсіз болса Аллама, 

Осы сынды әкеге де қанағат!», -

 

Дегеннен соң бал балақай қалды үнсіз, 

Бұны көрген қала ала ма жан мұңсыз?..

Көңілдерде орын алсын бұл сурет,

Көрмеде орын болады оған мардымсыз!..

 

Ескертпе: Фото "dinisauat" instagram парақшасынан алынды. Суреттегі авторлық таңба: jdia

Досан ҚауменДосан Қаумен
8 жыл бұрын 6514
2 пікір
Блог туралы