Амал жаса әз руxыңды тең нықтар,
Қайырымды іс қыл ізгілікпен жөн құптар.
Бұл өмірде бәрінен де маңызды,
Өмірлерге жасағаның оңды ықпал.
Ізгі іс қана ете алады бізді әсем,
Иман болсын қасиетің жүздесер.
Жиған байлық құны болмақ көк тиын,
Айналаңа жасамасаң ізгі әсер.
Әрқашанда ашсын десең жүзді құт,
Қайырлы істі берік ұстан ізгі тұт.
Мұқтаждарға қол ұшын бер әрқашан,
Көмек сұрап келер болса үздігіп.
Алла саған арнап отыр рет сыйын,
Ізгілікке жасамағын тек тыйым.
Көмек қолын созуға да болады,
Қазынаңда болмаса да көк тиын.
Болсын десең берекелі текті үйің,
Қайырымдылық ойға болсын бек түйін.
Көмек қолын созуға да болады,
Бомасаң да бай-қуатты ретті ұйым.
Қайырлы істі жаса ақыл-біліммен,
Тәжірибеңмен жиған нақыл-іліммен.
Жігері құм, ұнжырғасы түскенге,
Шабыт сыйла, руxты, батыл үніңмен.
Мұқтаж жанға танытқан соң оңқабақ,
Ниетіңді білдір оған қолдамақ.
Ашыққанға ең керегі ақ көңіл,
Одан кейін дастарxанда мол тамақ.
Мұқтаж жайын тереңінен сезін де,
Қайырлы істі баста кедей кезіңде.
Қайырымдылық зор міндеті байда емес,
Көңілі бай мына нағыз өзіңде.
Жабыққанға болмақ жылы сөз басу,
Ізгі адамға алынады көп асу.
Қайырымды істің
ең баянды сипаты -
Үміт сыйлап, білім беріп, көзді ашу.
Ешқашан да тар болмасын пейілің,
Пейіл тарлық ізгіліктен бей ілім.
Бұл әлемді сақтап қалмақ тек қана,
Қайырымдылық, иман және мейірім.