Қалаға қар түскенін Хақ қалады
Қалаға қар түскенін Хақ қалады

Қалаға қар түскенін Хақ қалады,

Айналаны түгелдей аққа орады.

Артынша-ақ жасады көктайғақты,

Пенденің білінсін деп нақты олағы.

 

Ақылды алдын ала сақ болады,

Ондайға құт дариды, бақ қонады.

Алдын ала қамданған пендесіне,

Жаратқан жар болады, жақ болады.

 

...Қатал қыс  танытпас-ау оң қабағын,

Не болмақ қазір ойлан соңғы амалың?..

Көліктер көк тайқақта титықтап жүр,

Кезінде ауыстырмай доңғалағын.

 

Не болмақ қазір ойлан оңды амалың?..

Күйреткін ғапылдықтың тоң қамалын.

Біздерге бұл мысалмен деп тұрғандай:

«Алдын ала қамданған жөн қарағым!».

 

Тайғақта адамдар жүр соқтығысып,

Бәрі ашулы алғандай шоқты қысып.

Бүгінде қамданудың ден-деңгейі,

Құлдилап, ең төменге кетті түсіп.

 

...Өзіме отырғам жоқ артық алып,

Имансыз әз болмысың жарты қалып...

Қамытын қамсыздықтың шеше алмай,

Жүрмейік бізде ертең қапы қалып.

 

Бұдан да мән ұғуды жөн көремін,

Бұл жайтқа зор тәліми өң беремін.

Ақыретін ойламаған пендеге ұқсайд,

Адамдар қамдамаған дөңгелегін.

 

Қатал қыс кілемінде жайған аппақ,

Көлік жүр, тұрақ таппай тайғанақтап...

Адамдар алдын ала қамданбаған,

Ақыретте тұрағын қайдан таппақ.

 

Осыны жүрейікші ойда сақтап,

Имансыз кете алмақпыз қайда асқақтап.

Қамсыздықтан титықтау тақағанда,

Иман ғана қолыңа пайда ұстатпақ.

 

Алла берген тәлімді, күйді ұқпаймыз,

Сыйды ұқпаймыз, қамданбай күнде «ұйықтаймыз».

Әуелден қамдамасақ ізгі амалды,

Ақыретте бұдан зор титықтаймыз.

 

Имансыз өмір салтың мәнсіз тұтқан,

Мақұрым қалып жүрміз сансыз құттан.

Пенде ертең пейіштен де құр қалады-ау,

Нақ осы мойыны тоң қамсыздықтан.

 

Олжа аласың амалың болса үздіктен,

Ризыққа бөленесің қанша үздіккен.

Сауапқа бөленеді тақуа жан,

Қамданып ақыретін, үнсіз күткен.

 

Қатал қыс қамсыздарды енді сыбар,

Талассыз, арасында жөндісі бар.

Қамсызды қатал қыста титықтатқан,

Зерек үшін Алланың белгісі бар.

 

Тақуа амалы мен әлін ұғар,

ИлләҺи ғалам-кітап мәнін ұғар.

Әлемде өтіп жатқан әр мезетте,

Алланың бізге деген тәлімі бар...

 

Қалаға қар түскенін Хақ қалады,

Түгелдей айналаны аққа орады.

Алланың хақ тәлімін ұққан жанға,

Құт дарып, сауап жауып, бақ қонады.

 

 

Досан ҚауменДосан Қаумен
8 жыл бұрын 3731
6 пікір
Блог туралы